Полезное для паломника
Негізгі / Полезное для паломника

Қажыларға нұсқаулық

28 Июля, 2015, © Хикмет Тревел, Аударма: Хикмет Тревел
Қажылыққа дайындықты неден бастаған абзал?
ҚАЖЫЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ РУХАНИ, ФИЗИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ
 
Қажылық - қасиетті мекен Мекке қаласына сапар шегіп, Аллаһтың бірлігі мен шариғи үкіміне бойұсынуды білдіретін ұлы құлшылық. Бұл сапардағы ең керемет сый ол - Аллаһ қабыл еткен қажылық. Ал оның сыйы тек қана - Жәннат!
Көпшілік мұсылмандар қажылық құлшылығын өмірінде бір мәрте ғана жасауға мүмкіндігі бар. Демек, сол жолда тынғылықты әрі жоспарлы дайындалу қажеттігінің маңызы арта түседі. Бұл дегеніміз тек қана қаржы және уақыт сарп ету ғана емес, ең бастысы рухани әзірлікке баса назар аудару!
Сондай-ақ, ұзақ жолды сапарға денсаулығының жарамды болуы да, қажылықтың негізгі шарттарынан. Кейбір қажылық рәсімдері күш пен шыдамдылықты талап етеді. Оған ыстық ауа райы мен арнайы уақыт аралығында белгіленген шектеулі аймақта мыңдаған адамдардың жиналып бір рәсімді атқаруы себеп. Сондықтан да, жоғарыда аталған жағдайларға алдын ала әзірленіп, физикалық тұрғыдан әзір болу үшін қажылық сапарына аттанбастан алдын 3-4 ай көлемінде 20-30 минуттық жаяу жүрумен, жеңіл жүгіріспен шұғылданып, жаттығуды бастаған абзал. Жаттығумен шұғылдану барысында Тәлбия мен Тауап кезіндегі дұғаны жаттап алыңыз. Бұл шын мәнінде Сіздің тәніңіз бен рухыңызға күш сыйлап, пайдалы болмақ. Дұғалардың мәні мен мағынасына назар аударуыңыз қажылық сапарына дейін иманыңыздың артуына септігін тигізері сөзсіз.
Қажылықты дұрыс атқару үшін келесідей шарттарды орындау қажет:
• Ниеттің шынайылығы. Қажылықты тек қана Аллаһ тағаланың разылығы үшін шынайы ықыласпен жасау. Одан басқа, сауда-саттық та, саяхат та қажылыққа барудың негізгі мақсаты болмауы міндетті.
• Қажылық шығындарының барлық қаражаты шариғат рұқсат еткен жолдармен табылған болуы қажет. Заңсыз немесе күмәнді жолдан түскен түсім қасиетті құлшылық жолында жұмсалмауы міндет.
• Барлық қарыздар мен қаржылай міндеттемелер сапарға аттанғанша төленіп бітуі шарт.
• Адамдармен арадағы барлық келіспеушіліктер мен талас-тартыстарды жоюға шынайы ықыласпен ұмтылу және ренжіткен адамдарыңыздан кешірім сұрау.
Қажылық рәсімдерін толықтай баяндаған арнайы кітаптарды оқып, қажетті құжаттарды әзірлеңіз. Жоғарыда аталған дайындықтар тек қана физикалық қолайсыздық немесе эмоциялық кері әсерлер және қаржылай шығындарды болдырмау ғана емес, ең бастысы - жүректің тыныштығына ықпал етеді. Қажылықтың рәсімдерімен танысып, оның міндеттері мен тыйымдарын біліп алғаныңыз тиімді. Әрбір атқарған амалыңыздың және айтатын дұғаңыздың мәні мен мағынасын түсіну арқылы өзіңізді сенімді әрі жайлы сезінетін боласыз. Бұл өз кезегінде сізді өзгенің кеңесін күтіп тұрмай, тәуелсіз амалдар жасауға мүмкіндік туғызады. Дұғаларыңыз да саналы әрі шынайы жүректен туындайтын болады. Тіпті, жаныңыздағы достарыңызға біліміңізбен бөлісіп, пайдалы кеңес бере алатын боласыз.
Кейбір қажылар топпен бірге болған уақытта топ жетекшісінің дауыстаған дұғасын бірге қайталап жүремін деп ойлайды. Бірақ та, тауап барысында адамдардың көптігі жетекші дауысын естуге кедергі келтіреді. Алдын ала тыянақты әзірліктен соң ондай проблемалардың алдын алып, дұға жасау үшін ешкімнің жәрдеміне мұқтаж болмай өзіңіз еркін жүре аласыз. Сонымен қатар, тауап барысында айтылатын бірнеше маңызды дұғаларды да араб тілінде жаттап алуға ұмтылыңыз.
Сондықтан да, дайындықты ерте жасап, білмеген сауалдарыңызға алдын ала жауап алғаныңыз нұр үстіне нұр болмақ. Сол арқылы өзіңіздің көптеген мүмкіндіктеріңізді бағамдап, рухани жетілуге жол ашасыз. Құжаттарды реттеу, қажетті заттарды сатып алу жұмыстары біршама уақытыңызды алады. Туроператор немесе сіздің бұрын қажылыққа барған досыңыз қажылыққа дайындықты неден бастау керектігін түсіндіріп береді.
 
ҚҰЖАТТАРДЫ РЕТТЕУ
 
c1c2c121b37dbd11629c75deca09bdf1Сауд Арабия Каролдігінде туристік виза түсінігі қалыптаспаған. Сіз ол бағытқа тек қана транзиттік виза арқылы немесе қажылық пен умра визалары арқылы елге кіре аласыз. Транзиттік визаға САК азаматынан немесе сол елдің компаниясынан шақырту қағазын алу арқылы қол жеткізе аласыз. Сондай-ақ, 24 сағаттық немесе 48 сағаттық визаны діттеген жерге жетуіңіз үшін САК аймағын кесіп өтуден басқа мүмкіндік жоқ екендігін дәлелдеу арқылы ғана алуға мүмкіндік бар.
Сауд Арабия Каролдігіне баруға ниеттенген әрбір қажы қолындағы шетелдік төлқұжаты мен визасының дұрыс тіркеуден өткендігіне көз жеткізуі міндетті. Үлкен қажылыққа виза тегін беріледі. Бірақ, бірнеше шарттарды орындауы қажет. Үлкен қажылыққа САК визасын әрбір қажы тұрақты тіркелген өз елінен ғана алуына рұқсат етіледі, ал үшінші жақты елде тұрып, сондай-ақ, Каролдік аймағынан емес жерлерде болса берілмейді.
Екі шетелдік құжатпен жүруге тыйым салынады. Егер шекарадан өту барысында екі құжат екені анықталса, біреуі алып қалынады. САК билік өкілдері екі азаматтықты мойындамайды.
Сапарға аттанар алдында қажетті деген құжаттарыңыздың көшірмелері мен бірнеше 3х4 суретіңізді алуды ұмытпаңыз. Егер бірнеше адам сізбен бірге жолға шыққалы жатса (отбасы мүшелері немесе достар), ондай жағдайда тек қана құжаттарының көшірмелері емес, сонымен қатар неке куәліктерін де қосып алғаны артық болмайды.
Әуе кемелері арқылы баруды қалағандарға қажылық немесе умра визаларын алу үшін төмендегі құжаттарды көрсетуі міндет:
• Шетелдік төлқұжат (жарамдылық мерзімінің аяқталуына 6 ай қалғанға дейінгі құжат);
• Ақ фонда түскен 4х6 көлеміндегі 4 сурет. Әйел кісілер орамалда болуы шарт.
• Минингитке қарсы екпе салынғандығы туралы Халықаралық үлгідегі сертификат.
• 45 жастан жасы төмен әйел кісі ерімен бірге қажылық жасауы үшін неке туралы куәлігінің түпнұсқасын көрсетуі міндет (мешіттен берілген анықтама жарамайды);
• Өзінің ер бауырымен бірге қажылық жасаушы әйел кісі өзінің туу туралы куәлігімен қатар, ер бауырының да туу туралы куәлігін көрсетуі міндет;
• 18 жасқа толмаған балаларға шетелге шығу үшін ата-ана рұқсаты қажет. Ал, 16 жасқа дейінгі балаларға ата-анасының визасына біріктіріліп беріледі (анасының).
Назарға! Визаны тіркеу және алудың ережелерін Астана қаласындағы Сауд Арабия Каролдігі елшілігі жанындағы Консулдік-виза қызметі анықтайтын болады.

 

ӨЗІМЕН БІРГЕ НЕ АЛУ ҚАЖЕТ
 
Жолға қамданған сәтте өзімен бірге алуға қажетті заттарға баса назар аудару қажет. Қажылық сапарға аттанған қажылар өздерімен бірге ең қажетті заттарды ғана алғаны абзал. Мәселен, ауыстырып киетін киімдері, жеке гигиеналық заттары, шағын дәрі-дәрмектер (аса қажет болатын) сияқты заттарын жинақтап, тасымалдауға ыңғайлы етіп жасау. Ал егер де ұмыт қалған заттарыңыз болса өзіңіз тұратын қонақ үй айналасындағы дүкендерден табуға болады. Сіздің сапарыңызды жайлы әрі қауіпсіз ету үшін өзіңізбен бірге алуға қажетті заттардың төмендегідей тізімдемесін ұсынамыз.

 

 

1. Ихрам4_468f5081-8099-4839-8562-3b67de16721c_1024x1024
 
Ихрам - ер кісілер үшін тігілмеген екі бөлік таза ақ матадан тұрады. Ең абзалы ихрамның матасы мақтадан немесе ауа өткізуі жақсы, әрі суды тез сіңіретін болғаны қолайлы. Түкті мата (махровая) болса түнгі сәттерде де жылуды сақтайды. Егер сізде арнайы әзірленген ихрамды сатып алу мүмкіндігі болмаса, өзіңіз қолдан жасап алсаңызда рұқсат етіледі. Ихрам көлемі мынадай: төменгі жағы - 45 см х 120 см, жоғарғы бөлігі - 45 см х 75 см.
Ихрамның төменгі бөлігін түсіп кетуден қорғап, жақсы ұстатып қою үшін белдік алыңыз. Ол белдіктің арнайы қалталары немесе шағын қалташасы болғаны абзал. Себебі, оған қаражаттарыңызбен, қажетті құжаттарды салып алуға ыңғайлы. Әл-Харам мешітіне кірген кезде шағын қол сөмкеңіз бен белдіктегі қалталар әскерилер тарапынан тексерілмейді.
Әйел адамның ихрамы - жайлы әрі кең, денесін толықтай жауып тұратын (жүзі мен білезіктен төменгі жақ қолдарынан басқа) барлық киім. Ихрамның ашық түсті болғаны абзал. Дегенмен, қара түсті ұнататындарға да рұқсат.
Ер кісілердің аяғына киетін аяқ киімдері де тігілмеген болуы шарт. Аталған шартқа сәйкес келетін ең тиімдісі жеңіл сүйретпе.
Соңғы уақыттары Қазақстанның әр елді-мекендерінен жиналған қажыларымызға әйелге де, ерге де бір ізді арнайы фирманың киімін кигізу жолға қойылды. Бұл сауалды топ жетекшіңізден сұрап, нақтылап алыңыз.

 

 

2. Дәрі-дәрмек
 
IebEGmt0KIA Барған жеріңізден дәріхана іздеп, қосымша қаражат жұмсауыңыз үшін қажетті деген барлық дәрі-дәрмектермен қамданыңыз. Кедендік бақылаудан жылдам өту үшін әрбір дәрі-дәрмектің анықтамасы болғаны абзал. Егер дәрі-дәрмек тез әрі өткір қоспалардан тұрса, сапар барысында сізге оны қолданбаса болмайды деген мәтіндегі дәрігерлік анықтаманы қоса алып жүру шарт.
Сапар барысында күйіп қалудан, жарақаттанудан сақтанып, алдын алғаныңыз жөн. Ыстықты түсіретін, асқазан түйілулерін кетіретін және жарақат таңуға арналған дәкелермен, иммунитетті көтеретін дәрілерді алып, шағын қорапша жасап алыңыз. Өз дәрігеріңізбен жолға қандай дәрі-дәрмек алып шыққан абзалдығы туралы кеңесіңіз.
Дәрі-дәрмек қорында жалпы: аспирин (ыстықты түсіретін), фестал (асқазан түйілмесі кезінде), белсендендірілген көмір (улануда), иммодиум (іш ауруына), супрастин (аллергияда), визин (көз ауруына), пластырь (мозол мен жарақаттанғанға), йод, бинт, мақта, бактерияға қарсы крем, суықтау мен жөтелге арналған дәрілер мен витаминдер болғаны дұрыс.

 

ЕСКЕРТУ! ШЫНЫДАҒЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР МЕН БАСҚА ДА ЗАТТАРДЫ АЛМАҢЫЗ. ЖАБУҒА АРНАЛҒАН ҚАЛПАҚШАЛАРЫ ДҰРЫС БЕКІТІЛГЕНІН ҚАТАҢ ТЕКСЕРІҢІЗ.

 

3. Киім-кешек
 
Жолға тек қана ең қажетті заттарды алған абзал. Қандай киім-кешек алу қажеттілігі туралы дұрыс шешім қабылдаңыз. Мұсылман әйелдер үшін жүзі мен білезіктен төмен қолдарынан басқа денесін толықтай жауып тұратын хиджаб кию міндет (Құран, 24:31). Сондықтан да, жайлы әрі кең, ішкі жағы көрінбейтін, көзге тез түспейтін түстегі киімдерді алған ұнамды. Сондай-ақ, ихрамға ұқсас ақ мақта маталы ұзын киім (ішінен киетін кең ақ шалбарымен) қосымша алған тиімді. Мұндай киімдерді Мекке мен Мәдина қалаларында да табуға болады. Орамалдың да үлкен әрі ыстық тартпайтын сапалы болғаны сіздің жайлы жүруіңізге қолайлы.
Аптаға ғана жетерлік ауыстырып киетін киім-кешек жеткілікті. Себебі, жуып қайта қолдануға мүмкіндік бар. Қажылық уақытында тапсырыспен киімді жуғызу қымбатқа түседі, сондықтан ол істі өзіңіз атқаруға дағдыланған абзал.

 

Жүріп-тұруға ыңғайлы жеңіл аяқ киім алыңыз. Биік өкшелі алмаған жақсы (әсіресе әйел адамдар)! Палаткалы қалашықта өткізетін күндеріңізде спальный мешоктың маңызы зор. Оны барлық спорттық дүкендерден таба аласыздар.

 

4. Ақша
 4251a7050efa2446d5c848342e25a3ea-1394608834
Өзіңізбен бірге әлемнің қай бұрышында да ауыстыруға ыңғайлы әрі жеткілікті болатын қаражат алыңыз. Қосымша тамақтануға, көлікке (такси), сыйлық алуға және т.б. шығындарға қанша жұмсайтыныңызды жоспарлап алыңыз. Сізбен бірге болатын жолаушыларға өзіңізбен бірге қанша қаражат барын және оны қайда сақтайтыныңыз туралы ақпарат таратпаңыз.
Егер Сізде VISA, MasterCard пластикалық карталары бар болса, ақшаңыздың жарты бөлігін сонда сақтауға кеңес береміз. Осы арқылы қаражатыңызды қауіпсіз жерде ұстап, қорғай аласыз. Сондай-ақ, барлық жерде орналасқан банкоматтардан қолма қол алуға мүмкіндік болады. Тіпті, жоғалтқан күннің өзінде қайта қалпына келтіру жеңіл.

 

 

5. Чемодан
 
Қажылық сапарына дайындалу кезінде жолға ыңғайлы чемодан немесе жол сөмке сатып алуды ұмытпаңыз. Міндетті түрде чемоданның кілті болғаны абзал. Себебі, ол - жолдағы келеңсіз жағдайлар мен ұрлықтан аман болу мақсатында қажет болмақ. Тек кодын ұмытпаңыз! Жолға шығар кезде ең қажетті киім-кешек пен маңызды қолданыс заттарынан басқа артық жүк алмаған абзал. Себебі, кей кездері чемоданның көп болуынан кешігіп жетіп немесе жоғалып жататын оқиғалар болады.

 

 

6. Тағам
 
ris_s_soevim_sousom-118529Өзіңізбен бірге аз мөлшерде тамақ пен сусындар алғаныңыз дұрыс. Аэропорттағы ұзақ уақыттық кедендік тексеруден өту кезінде ашығып не шөлдеп қалмас үшін. Дегенмен, қажетті тағам түрлерін аэропорт, шағын асхана секілді барлық жердегі арнайы орындардан сатып ала аласыз. Сауд Арабия билігі шекарадан көп азық-түлікпен өтуге рұқсат етпейді. Тез бұзылып кетуге бейім азық-түлік алмағаныңыз абзал. Ескерту! Өзіңізбен бірге алып шыққан тағамдарды ашық әрі арсыз суреттері бар газеттерге орамаңыздар. Кедендік бақылау кезінде өзіңізге үлкен ұят келетінін ескертеміз!

 

 

7. Әртүрлі
 
Сапар уақытында аса қажет болатын заттардың тізімі:
• Кішкене пышақ пен қайшы (жол жүгімен бірге салыңыз);
• Тіс щеткасы, паста, айна, тарақ, ұстара, дәретхана қағазы, салфетка, сабын, сабын қорап, сусабын (шампун) және т.б. гигиеналық заттар;
• Құран (қалтаға ыңғайлы әрі қаптамасымен), жайнамаз, қаламсап (ручка), қойын дәптер, қажылық туралы және дұға кітапшалары (мысалы, «Мұсылман қорғаны»);
• Сүйретпе аяқ киімі, қолшатыр, күннен қорғайтын көзілдірік, шағын қол шамы, оятқыш сағат;
• Тұрмыс заттары: электрлік ұстара, фен (220 V);
• Егер сіз асты өзіңіз әзірлейтін болсаңыз, оған қажетті ыдыс-аяқ ала шығыңыз. Егер шәй ішуді ұнатсаңыз - чайник алыңыз.

 

 

ЖОЛДА
 
Қазақстанның Сауд Арабия Каролдігіне ұшатын тұрақты тікелей рейстері жоқ. Өзге әуе компаниялары арқылы Шарджы, Абу Даби, Дубай және Стамбул қалаларына дейін ұшып, одан әрі шетелдік әуе кемелерімен жетуге болады. Дегенмен, алдағы уақытта үлкен қажылық уақытында Қазақстан - Джидда тікелей рейстері іске қосылуы мүмкін.

 

 

ПАЙДАЛЫ АҚПАРАТ
ҚАРЖЫ
 
Сауд Арабия барлық жағынан арзан ел емес, дегенмен шығындарыңызды жоспарлы түрде жұмсасаңыз аз қаражатпен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Валютаны банктерден және жеке ақша айырбастау пунктерінен қалаған валютаңызға айырбастай аласыз.
Кей жерлерде баға келісімді. Жайма базарларда еркін саудаласуыңызға болады. Ал, арнайы сауда үйлерінде тек жеңілдіктерді ғана пайдалана аласыз.

 

 

Валюта
 
Сауд Арабия Каролдігінің негізгі ақша айналымындағы валюта - риял (SR). Банк жүйесіндегі айналымда 1, 5, 10, 20, 50, 100, 500 риал банкноттар. Такси жалдаған сәтте және жеміс-жидек сатып алу үшін өзіңізбен бірге ұсақ ақша алып жүріңіз.

 

 

Нарық бағалары
1. Бір күндік тамаққа жұмсалатын шығын жобасы: арзан тиімдісі $3-5, орташа $10-20, жоғары дәрежелі $20 және одан жоғары.
o Су (1л) - SR 1
o Шырын - SR 1-2
o Балмұздақ - SR 2 
o Сүт (1л) - SR 3-4
o Жемісті түскі ас - SR 5-7
o Етпен түскі ас - SR 10-15
o Қуырылған тауықпен түскі ас - SR 10-12
o Грилді тауықпен түскі ас - SR 12-15
o Шәй - SR 1 
o Шауырма - SR 2,5 бастап 4-ке дейін 
Аз қамсыздандырылған және арзан тиімділікті қолданатын қажылар үшін тамақтануға арналған кеңес: Шауырма + ыстық шәй (әл-Харам аймағындағы жайма базарлар жанында арзан). Мұндай үнемділікті қажет ететіндер үшін күндізгі шығындары 3$-ды құрайды. Тіпті, шәйдің орнына тегін ішуге мүмкіндігі бар Зәмзәм суын пайдаланса да болады.

 

 

2. Киім-кешек
o Көйлек - SR 10-15
o Ерлер жәләбиі - SR 10-15
o Әйелдер көйлегі - SR 10-50
3. Қызметтер:
o Такси (Мекке-Мәдина) - SR 100-200
o Шаш қысқарту - SR 10-15

 

 

Дүкендер, банктер мен ресторандардың уақыттары
 
Мемлекеттік мекемелер таңғы 7.30-дан түскі 14.30-ға дейін, түскі үзілістен соң 16.30-дан 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Банктер таңғы 8.00-ден түскі 12.00-ге дейін, түскі үзілістен соң 16.30-дан 19.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Базарлар мен дүкендер түнгі 21.00-ге дейін ашық болады. Ресторандар мен кафелер үлкен қажылық кезінде таңғы 9.00-ден бастап, түннің бір бөлігіне дейін қызмет көрсетеді.
Сауд Арабия Каролдігіндегі демалыс күндері - бейсенбі және жұма. Ислам хижри күнтізбесі бойынша жылына екі мәрте ресми мереке тойланады. Бұл күндері мемлекеттік мекемелер, жеке фирмалар, мектептер және жоғары оқу орындары жұмыс жасамайды. Ораза айт мерекесі қарсаңында - Рамазан айының 25-нен, Шәууәлдің 5-не дейін. Құрбан айт мерекесі кезінде - зул-Хиджа айының 5-нен бастап 15-не дейінгі аралықта мемлекеттік демалыс жарияланады.

 

 

Сауда-саттық
Үлкен қажылық уақытында әл-Харамға баратын барлық көшелерде шағын жайма базарлары қалыптасады. Ол жерлерден әлемнің барлық түкпірінен әкелінген түрлі өнімдерді көруге болады. Себебі, қажылықпен қоса сауда-саттық жасауға шариғат тыйым салмайды. Базарларда жүрген кезіңізде міндетті түрде саудаласыңыз, сол арқылы қажетті тауарды екі-үш немесе төрт есе төмен бағамен алуыңызға болады. Міндетті түрде құрманың Мәдиналық түрі аджуаны сатып алуды ұмытпаңыз. Бірақ саудаға көп уақытыңызды сарп етпеңіз. Есте ұстау үшін! Қажылық ол - сауда-саттық сапары емес. Қасиетті мекен әл-Харам аймағынан алыстап, базарларда ұзақ уақытыңызды жұмсау арқылы иманыңыз әлсіреп, ойыңыз Аллаһқа ұмтылудың орнына дүниелік ләззаттарға асыға түскенін сезесіз. Сондықтан да, шайтанның арбауына ілігіп қалмай, ниетіңізді жаңартып алыңыз.

 

 

1433946045_2Қалалық көліктер (такси және автобустар)
Мекке және Мәдина қалаларында таксидің екі түрін қолдануға болады. Біріншісі - арнайы белгілері бар ресми таксилер. Дегенмен таксидің бұл түрі қалтаңызға қымбатқа түседі. Ал, әл-Харамға дейінгі жол бойынан мінуге болатын өзге таксилерге отырып, келісімге қарай төлем жүргізесіз. Ұзақтығына қарай шамамен 5-тен 20 риалға дейін. 
Егер өзіңіздің жеке көлік жалдап жүру ниетіңіз болса, бұл аймақта халықаралық жүргізу куәлігі жарамды екенін ұмытпаңыз. Жалға алынатын көліктер мемлекет қадағалауында болғандықтан, ешқандай проблема жолықпайды. Сауд Арабия Каролдігіндегі қозғалыс сол жақтық.

 

 

Байланыс және ақпарат
Анықтама бөлімі: 905
«Сауди Аэрлайнс» әуе байланысы: 543-3333
Әуежай анықтамалығы: 684-2000
Сумен қамтамасыз ету қызметі: 545-2240
Жедел қызметтер телефондары:
Полиция: 999
Жедел жәрдем: 997
Жол көлік оқиғалары кезінде: 993
Тұрмыстық келеңсіз оқиғалар кезінде: 998

 

Үлкен қажылық уақытында Қазақстанның қажылық миссиясы әрдайым сіз үшін көмекке келуге әзір болады.

 

Телефон байланысы
Джидда, Мекке және Мәдина қалаларында STC, Mobile және ZAIN ұялы байланыс нөмірлері арқылы хабарласуыңызға болады.
Қазақстанмен 1 минуттық ұялы байланыс үшін - 1,17-1,5 $ тарифі. Жергілікті байланысқа күндізгі уақытта - 0,16 $. Аталған ұлттық жүйе ішінде СМС хабарламалар үшін - 0,10 $.
Қазақстанға байланысқа шығу үшін 8 санының орнына 007 немесе +7 санын тереміз. Мәселен, +7 778 477 76 66 немесе 0077784777666.

 

 

Фото және бейне түсірілімдер
Мекке мен Мәдина қалаларында фото және бейне түсірілімге арналған қарапайым немесе цифрлы аппарат қолдануға рұқсат. Тек төмендегі арнайы орындарда суретке түсу тыйым салынған:
• Екі қасиетті мекендегі мешіттерде (ғимарат ішіне фото және бейне камераны кіргізбейді);
• Мемлекеттік мекемелерде;
• Әскери ғимараттар мен сарайларда және т.б.;
Көшеде жүрген кезде бейтаныс адаммен суретке түсуден қашыңыз, әсіресе әйелдерден. Бұл заңсыздық танытқан әрекет болып саналады. Осыған орай, өзіңізбен бірге бейнекамера алмағаныңыз жөн. Себебі, ол көп уақытыңызды жұмсатып, қажылық үшін деген ойыңызды бұзады. Ал, қажылық саяхат емес екенін есте ұстаған абзал. Өзіңізбен бірге фотоаппарат алсаңыз рұқсат. Себебі, онымен Мекке мен Мәдина көшелерін суретке түсіріп, топтың естелік бейнелерін жасайсыз. Есте сақтаңыз! Әл-Харам мешітінің ішіне фотоапппаратты кіргізуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан да, мешітке кірер алдын құрылғыңызды қайда қалдыратыныңызды анықтап алыңыз.

 

 

САК ҚАЖЫЛЫҚ ІСТЕРІ МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚАЖЫЛАРҒА НҰСҚАУЛЫҒЫ
Жаяу жүргіншілер тунелі
 
lJfwGWWMDi0Жаяу жүргіншілерге арналған тунелден өту кезінде түрлі келеңсіздіктің алдын алу үшін тунел ішінде көп аялдамай, тоқтамастан, аяқ суытып тынығуға кідірместен өтіп шығу қажет.
Егер алдыңыздағы адамдардың алға жылжуы қиындап, кептеліс туындағанын байқасаңыз әрі қарайғы жүріске жол ашылғанша кідіріңіз.
Егер тунел ішінде бір жүргінші қолайсыздыққа (естен тану, құлау) тап болғанын байқасаңыз жүрісіңізді тоқтатпастан жалғастырыңыз. Себебі, ол адамның жанында топтаса жиналу қиналушыға қажетті ауаны бөгейді.
Тунел ішінде орташа екпінмен қозғалыңыз. Өте тез жүріп адамдарды дүрбелеңге салуыңыз мүмкін, ал жәй жүрсеңіз артыңызда ілесіп келе жатқандарға кедергі келтіресіз.
Егер оқыс оқиға орын алғанын байқасаңыз жедел шешім қабылдаулары үшін тунел кезекшілеріне ескертіңіз.
Оқыс оқиға салдарынан қозғалыс мүлдем қиындаған жағдайда, төтенше жағдай туындағанда шығарылатын есікті бағыттайтын маңдайшаларға назар аударыңыз.
Тунелдің кірер және шығар есіктерінің алдында тынығу үшін отырып не жатып алмаңыз. Сіздің бұл әрекетіңіз тунел ішіндегі қозғалысты қиындатып, кептеліс туғызады.
Тунел ішінде қоқыс қалдырмаңыз, ол кейінгілердің қозғалысына кедергі беруі ықтимал.

 

 

Шатырлар қалашығының сыртында
1. Назар аударыңыз! Үнемі жеке қажылық анықтамалығыңызды алып жүріңіз.
2. Өз шатырыңыздың орналасқан орнын және оған апаратын жолды анықтауға тырысыңыз. Мина жазығындағы шатырлар нөмірленіп, түрлі түстерге боялып белгіленген.
3. Жолдың арғы жағына өту үшін көліктердің арасынан емес, арнайы жүру жолақтарын пайдаланыңыз.
4. Күннің қатты ыстығынан және жаңбырдан қорғану үшін өзіңізбен бірге қолшатыр алып жүріңіз.
5. Жол ережелері мен ескертпелеріне назар аудармау арқылы Сіз өз өміріңіз бен денсаулығыңызға зиян бересіз.
6. Автобустарға мініп-түсер кезде абай болыңыз. Сыпайылық танытып, жүргіншілерді итермеуге тырысыңыз.
7. Жедел жәрдем көліктеріне жол беріп, олардың қозғалысына кедергі келтірмеңіз.

 

 

U4Bp-xGwFz0Шатырлар қалашығының ішінде
1. Отты тұтатпаңыз, электрлі заттарды арнайы белгіленген орындарда ғана қолданыңыз.
2. Жақын маңдағы төтенше жағдайлар туындағанда шығатын есіктің орналасқан жерін біліп алыңыз.
3. Төтенше шығу есігіне қарай жолды бос ұстаңыз.
4. Қатер төнген кезде сабырлылық танытып, егде кісілерге жәрдем беріңіз.
5. Электр қуатын шектен аса қолданудан сақтаныңыз.
6. Егер шылым тартсаңыз сақтық шараларын қатаң сақтаңыз. Шылым қалдықтарын урнаға тастар алдын оның толықтай өшкеніне көз жеткізіңіз. Шылым шегу денсаулыққа зиян әрі шариғатпен ТЫЙЫМ салынғандығын естен шығармаңыз.
7. Тазалықты сақтаңыз. Қоқыстарды арнайы урналарға ғана тастаңыз.
8. Шатырлы қалашыққа арнайы ілінген ақпарат тақталарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз!

 

 

Қатты нөсер кезіндегі іс-амалыңыз
Қатты нөсерлі жаңбыр кезінде келесідей ережелерге назар аударыңыз:
1. Жер бетінен жоғары орналасқан жерге көтерілуге тырысыңыз.
2. Егер ескерту берілсе немесе нөсер салдарынан селдің келе жатқанын байқасаңыз қауіпті аймақты тастап кетіңіз.
3. Селді тасқынның көлемі сіздің тізеңізден жоғары болса арғы жағына кесіп өтуге ұмтылмаңыз.
4. Нөсерлі жаңбыр түнгі уақытта болса аса сақтық танытыңыз.

 

 

Тас көшкіні кезіндегі іс-амалыңыз
Таудың биігіне қарай шықпаңыз. Тасты алқапта жоғары көтерілгенде немесе төмен түскенде сақтық танытыңыз. Төменге түскенге қарағанда жоғары көтерілген жеңіл екендігін есте ұстаңыз. Өз күшіңізді есептеңіз. Басқаларды қауіпті аймақтар туралы хабардар етіңіз.

 

 

Қатты дауыл және найзағай кезіндегі іс-амалдарыңыз
Электрлі заттардың барлығын қуаттан ажыратыңыз. Уақытша оқшаулау туралы хабарландыру келмеген жағдайда, өз шатырыңыздан шықпай сабырлық танытыңыз. Аспалы көпір, электр таратушы жүйелер және биік есіктердің астында тұрмаңыз.

 

 

Көліктерге арналған тунел ішінде
Тунел ішінде кептеліс орын алса газға уланбас үшін көлік қозғалтқышын сөндіріңіз.
Жол көлік апаты орын алса жолаушыларды қауіпсіз жерге шығарып, тунелден шығып кету бағытына қарай қозғалыңыз.
Тунелдің кіре берісі мен шығу алдына көлігіңізбен аялдамаңыз.

 

 

ҮЛКЕН ҚАЖЫЛЫҚТА НЕ ЖАСАЛУ КЕРЕК ЖӘНЕ НЕ ЖАСАЛМАУЫ ҚАЖЕТ
 
ЖАСАЛУЫ ҚАЖЕТ АМАЛДАР:
1. Адамдардың кептеліс кезінде, бір-бірін итеріп, соқтығысу сәттерінде сабырлылық танытып, ұстамды болыңыз. Егер қажылық рәсімдеріне ғана ой жүгіртіп, өзге қажылармен қарым-қатынасыңызды мейірімділікпен жалғастырғыңыз келсе керексіз тартыстар мен қайшылықтардан аулақ болыңыз. Сақ болыңыз! Жоспарсыз (ойда жоқта) және жоспарлы түрде болатын ұрыс-керістен, төбелестен және өзгеге қиындық беруден аулақ болыңыз.
2. Әрбір кешті батырған сайын өзіңіздің жасаған амалдарыңыз бен істеріңізді сарапқа салып, ой жүгіртіңіз. Сонымен қатар, «Мен барлық амалдарымды тек қана Аллаһтың разылығы үшін жасадым ба? Барлық сәтте менің іс-әрекеттерім дұрыс болды ма?» - деп өзіңізге сауал қойып көріңіз. Егер сіз біреуді ренжіткен болсаңыз онда ол адамнан тез арада кешірім сұраңыз және Аллаһтан жарылқау тілеңіз («астағфиру Аллаһ»).
3. Бүкіл ой мен жігеріңізді құлшылыққа ғана сарп етіңіз. Санына қарағанда сапасына мән беріңіз. Өзіңіздің күш-жігеріңізден аса амалдар жасап, кейінгі күндеріңізде қиналыс туындап қалмасын. Тіпті, сол арқылы әлсіреу мен денсаулықтың бұзылуына апаратындай жағдайды туғызбаңыз. Қажылардың көпшілігі жолдан шаршап келгендіктерін ескермеген қалпы Меккеге келген алғашқы күні-ақ ұзақ уақыт әл-Харам мешітінде құлшылық етуге көңіл бөліп, ертесі күні шаршау көбейгендігін айтып шағымданып жатады. Ал, қажылық уақытында көп уақытыңызды осындай дұрыс қабылданбаған шешіміңіз арқылы керуетте жатып немесе жоғары дәрежеде ыстығыңыз көтеріліп жүріп атқаруыңыз құлшылықта ықылассыз болуға жетелейді. Осындай жайттардың алдын алыңыз.
4. Жеке құжаттарыңызды және көп көлемдегі ақшаларыңызды киіміңіздің ішкі қалталарына салыңыз. Сумкаға, пакетке және т.б. жерлерге ақшаларыңызды қалдырмаңыз. Адамдар көп жиналған жерлерде қымбат заттарыңызға ие болып, ұрлықтың алдын алыңыз. Чемоданның аузын әрдайым құлыптап ұстаңыз және оның ішінде бағалы заттар, ақша, құжаттарыңызды қалдырмаңыз. Әйелдерге өз әмияндарын киімдерінің ішінде, яғни мойын тұсына жақын аумақта ұстағандары абзал болмақ. Барлық уақытта жаныңызда жүргені жақсы.
5. Өндіріс заттарын арнайы сауда орталықтарынан сатып алыңыз (бағасы төмен әрі сапасы жоғары болу үшін). Соңғы сәтке дейін сатып алу чегін жоғалтпаңыз (көп жағдайда бұл құжат кепілдік хатының орнына жүреді).
6. Әрдайым қажылық білезігі мен карточкасын тастамаңыз. Сонымен қатар, әрдайым өзіңізбен бірге туроператорлардың мекен-жайы мен телефондарын, қонақ үй, елшілік және ҚР консулдігінің телефондары жазылған қажыларға арналған арнайы ескертпе кітапшасын жаныңыздан тастамаңыз.
7. Мина мен Арафат аймағындағы ақпарат тақташаларында арнайы жазылған сызбаға назар аударып, өз тобыңыздың орналасқан жерін үйреніп, есте сақтаңыз. Егер жоғалып қалған жағдайда өз тобыңызды іздеп ұзақ уақыт жұмсамайсыз.
8. Қажылардың өтінішіне құлақ түріп, көмекке әзір болыңыз. Әлбетте егер сіз оларға өзіңіздің амалыңызбен немесе кеңесіңізбен көмек қолын соза алсаңыз.

 

 

ЖАСАЛМАУЫ ҚАЖЕТ АМАЛДАР:
 
1. Қаражатыңызды көзге түспейтін құпия жерде ұстаңыз. Сонымен қатар, барлық ақшаңызды бір жерде ұстамауға тырысыңыз. Жеке жүктеріңізді, құжаттарыңызды, бағалы заттарыңыз бен ақшаңызды иесіз көлік ішіне қараусыз қалдырмаңыз.
2. Қажылық түрлі кедергісіз болады деп өзіңізді алдамаңыз. Қажылық сапары кезіндегі қиындықтар мен сынақты сәттерге дайын болыңыз.
3. Өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін өзге танымайтын адамдардан белгісіз пакет, конверт, қол жүгі секілді заттарды қабылдамаңыз.
4. Сауд Арабия Каролдігінің заңы мен ережесін бұзбаңыз. Заң бұзушыларға қолданар жаза қатаң.
5. Керексіз тақырыпта діни талас-тыртысқа түспеңіз. Өзге қажылардың іс-әрекеттерінен көптеген діни келіспеушіліктер байқауыңыз мүмкін. Сондай сәттерде сіздің сабырлығыңыз бен төзімділігіңіз көмек беріп, қажылығыңызды сапалы ете түседі.
Сізге айтар ең керемет кеңесіміз - Құран мен ардақты елші Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетіне лайықты амал жасап, одан басқа жолға бұрылмаңыз.
Жоғарыда аталып өткен барлық кеңестер өз пайдасын тигізіп, Сіздің алтын уақытыңыздың босқа кетуінен, келеңсіз жағдайлардан, талас-тартыстардан бойыңызды аулақ ұстатып, барлық сәттерде тек қана Аллаһты еске алып, Құран оқып, нәпіл намаздар оқып, дұғада болуға жетелейді деген үміттеміз.

 

 

ҚАЖЫЛЫҚ КҮНДЕРІ
Мина аймағында
 
Зул-Хиджаның 8-і күні Мина аймағына жолға шығар сәтте келесідей заттарды өзіңізбен бірге алып шығыңыз:
• Маңызды кітаптарды, дұға және т.б.;
• Дәрі-дәрмектеріңізді;
• Қажының пластмассалы кілемшесі (барлық жерде сатылады, арзан әрі жеңіл, топтамада жастығымен бірге жүреді);
• Әйелдер мен балалар үшін арнайы қалың киім алған абзал. Себебі, шатырлардың ішіндегі салқындатқыш құрылғылардан бөлінген суық ауа қатты болып, суықтап қалуға әкелуі мүмкін. Ер кісілер өздерімен бірге жылы жамылғы алуына рұқсат.
• Диабетпен және асқазан ауруымен ауыратын адамдар өздерімен бірге жеңіл тамақтар мен көкөністер алуына рұқсат. Себебі, ұсынылатын тағамдар сіздің диеталық тізіміңізге сәйкес келмеуі мүмкін.
• Өзіңізбен бірге суға арналған 1,5 л ыдыс немесе контейнер ала шығыңыз (бұл Арафат пен Мұздалифа аймағында қажет болады). Арафат пен Мұздалифаға кішкене болса да су алмастан аттанбаңыз.
Мина аймағындағы шатырларға жайғасқаннан соң ондағы электр сымдарының дұрыс тартылғандығына толық көз жеткізіңіз. Сонымен қатар, өрт сөндіруге арналған су құйылған шелек, құм секілді құралдардың бар екенін қадағалаңыз.

 

 

Арафат аймағында тұру
Арафат аймағына жеткен кезде топ жетекшілері арнайы хабарлап айтатын болады. Арафат аймағындағы тұру міндет болған уақытқа аса мән беріп, қатаң сақтаңыз. Сіздің шатырыңыз қай жерде орналасқанын жаттап алыңыз, қажеттілікпен шыққан кезде қайта оралуда уақыт жоғалтпас үшін.
Құрметті қажылар, бір шатыр ішінде сізден басқа да қажылардың болатынын естен шығармаңыз. Тіпті, шатыр толық болмаса да өзіңізге берілмеген орынды иеленбеңіз (сіздің отбасыңызбен бірге), оның салдарынан басқа қажылар шатыр ішінде орынсыз қалуы ықтимал. Бұл ереже тек қана Мина аймағында емес, Арафат аймағындағы шатыр ішіндегі жағдайға да байланысты. Сонымен қатар, әрбір қажы үшін шатыр ішінде 1,3 м х 2 м жерден өлшеніп берілген.
Қасиетті жерлерде болған сәттеріңізде Сізден сұрайтынымыз шыдамдылық танытып, төзімділікпен, сабырлылықпен бір бағытта белгіленген жолдан шықпаңыз. Сіздің кері әрекетіңіз жол кептелісін тудыруы ықтимал. Автобусқа отырар сәтте егде кісілер мен балалы аналарға жол беруді ұмытпаңыз.
Таң сәріден бастап таң намазын атқарып болған сәттен кейін автобустар қажыларды Мина аймағынан Арафат аймағына апара бастайды.
Арафат аймағына жеткен соң қандай жағдай туындаса да Мейірім тауына шығамын деп ұмтылмаңыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне сүйенер болсақ Арафат аймағындағы барлық дұғалар қабыл, ал қажыларға берілетін алтын уақыт аз. Сондықтан да, сол уақытыңызды босқа өткізіп алмаңыз.
Мұздалифаға аттанар сәттен алдын әжетханаға барып, қажетіңізді өтеп, дәретіңізді жаңартып алыңыз. Себебі, сіз Мұздалифа аймағына түнделетіп жетесіз, ал қараңғыда әжетхана іздеу қиынға соғады. Ол аймақта таң атқанша боласыз.
Отбасымен, жақындарымен бірге қажылыққа келген кісілерге айтарымыз әрдайым бір автобусқа мінуге ұмтылыңыздар. Себебі, әр қайсыңыз бөлек жүрер болсаңыздар, бір-бірлеріңізді іздеп, өздеріңізді босқа шаршатасыздар. Әрбір сәтін құлшылықпен өткізуге тиісті болған күндеріңізді өзіңіз үшін қиындықтарға толы етіп алмаңыз. Әсіресе, Мұздалифа аймағына аттанар сәтте бір-біріңізден ажырамай, бірігіп жүргендеріңіз абзал.

 

 

Құрбандық күндері
Мұздалифадан Мина аймағына аттанар сәтте кешігіп қалмаңыздар. Келген сәтте бірден Ақаба Джамаратына барасыздар (тас лақтыру аймағы).
Джамаратқа күннің алғашқы бөлігінде бірден жетуге де тырыспаңыз. Ол уақытта Джамарат маңы адамдардың кептелісіне толы болады. Егде кісілерге бұл уақытта ол жерге баруға кеңес бермейміз! Өздері үшін басқа бір қажының тас лақтыруын өтінсе де болады. Болмаса кеш батар сәтте жасау жеңілірек болады.
Топтан ажырап қалмай, ауырған немесе егде кісілерге жәрдем беруді де естен шығармаңыз. Жалғыз жүрмеуге тырысыңыз. Себебі, ол жерлерде жоғалу өте оңай, ал қайта табу біраз күш жұмсауды талап етеді. Құрбандық күндері аяқталғаннан соң Меккеге қайта оралып, қоштасу тауабын жасауыңыз қажет. Егер Сіз әлсіреп, күш-жігеріңіз азайған болса, бірнеше сағаттар жатып тынығып алыңыз, себебі Меккеге жеткенше жол кептілістері ұзаққа созылып, одан әрі шаршата түсуі мүмкін. Егер Сіз 5 км жолды жаяу жүріп өтуге шамаңыз жетсе, солай жасау тезірек болатынын да есіңізге саламыз. Мина аймағынан Меккеге дейін орташа жылдамдықпен жаяу жүріп өткен кісіге 1 сағаттық жол.
Таксиге отырар кезде жобамен болса да жүргізушімен төленер құнын сұрап алыңыз, бұл өз кезегінде сіз бен жүргізуші арасындағы түсініспеушіліктен құтқарады. Егер Сіз тіл білмесеңіз оған өкінудің қажеті жоқ. Саусақтарыңызды санап немесе ең дұрысы нақты ақшаның өзін көрсеткеніңіз абзал.
Ең жақсы кеңестердің бірі, ауа райы қаншалықты ыстық болғанымен қатты шөлдеген сәтіңізде мұзды суды ішпегеніңіз дұрыс болмақ. Тіпті мұндай сулар жолдарда тегін таратылып жатса да денсаулығыңыз әлсіз болса сақтанғаныңыз өзіңіз үшін тиімді болмақ. Мүмкіндігіңізге қарай көкөністерді көбірек жеп, табиғи сығынды суларды ішуге тырысыңыз. Ал егер сіз консерві мен банкідегі соктарды ішуді ұнататын болсаңыз, сатып алғаннан кейін ішер алдында сыртын жууды ұмытпаңыз. Өзіңізбен бірге ең қажетті дәрілердің топтамасын ала шығуды да естен шығармаған абзал. Сіздің жаныңызда науқас немесе егде кісілер бірге жүрген болса Мина аймағына аттанар сәтте жеңіл матрас қоса алғаныңыз тиімді. ($ 4-5)
Ихрам хәлінде болған сәтте көпшілік жіберетін қателіктерді қайталамаңыз, әсіресе:
Ұрыспаңыз, таласпаңыз, ұстамдылығыңызды жоғалтпаңыз, бос сөздер мен дүкендерді аралауға уақытыңызды жұмсамаңыз, иісті сабындарды қолданбаңыз, тіс пастасын да қолданбаңыз (тіс пастасының орнына мисуак пайдаланаңыз). Егер араб тілі мен ұзақ дұға етуді білмесеңіз өзіңізге өкпелеп, көңіл-күйіңізді түсірудің қажеті жоқ. Өз тіліңізде дұға еткеніңіз абзал болмақ. Аллаһты көп еске алыңыз (мәселен, Аллаһу акбар, Субханаллаһ, Астағфируллаһ және т.б.)
Әрдайым өз ісіңізге көңіл бөліңіз және пайғамбарымыздың сүннет амалдарын орындауға тырысыңыз: күніңізді Аллаһты еске алумен бастаңыз, асты оң қолыңызбен жеуді әдетке айналдырыңыз, мешітке оң аяғыңызбен кіріңіз, ал шығар сәтте сол аяқпен шығыңыз және т.б. ең бастысы әрбір ісіңіздің басында Бисмиллаһ (Аллаһтың атымен бастаймын) деп айтыңыз. Тіпті, сіз мұны бұрындары айтпай жүрсеңізде. Егер солай болған болса бүгіннен бастап өз әдетіңізге айналдырыңыз. Дүниеңіз үшін де, ахиретіңіз үшін хайырлы болмақ.

Аллаһ тағала қажылықтарыңызды қабыл етсін! 

 

Вас интересует хадж или умра?
Собираетесь совершить хадж в 2015 году или только планируете? Свяжитесь с нами, и мы подскажем что для этого требуется и ответим на другие вопросы касающиеся хаджа и умры.
+7 (727) 390-40-40     hickmet.info@gmail.com
Қажылық жаңалықтары
Сауабы қажылықпен тең 5 іс
17 Марта, 2016
Қажылық – әрбір мұсылман өмірінде бір рет атқаруы тиіс бес парыздың бірі. Келесі аталған 5 амалға қажылыққа барғандай сауап жазылады.
Қажылардың жоғалу себептері анықталды
14 Марта, 2016
Сауд Арабиясы «әл-Харам» мешіті мен Мекке қаласының орталық ауданында қажылардың жиі жоғалу себептерін анықтады.
Қажылыққа барғысы келетіндерге денелерін шынықтыруға кеңес берді
14 Марта, 2016
Нигерияның Ондо штатының мұсылман қажыларының қайырымдылық қоры өкілдері қажылық парызын орындағысы келетіндерге алдын-ала дене шынықтыру жаттығуларын жасауға шақырып, ресми үндеу жариялады.
60 жылда Дубай қалай өзгерген
9 Марта, 2016
Бүгінгі таңда Дубай — көк тіреген үйлері бар үлкен мегаполис. Оның сөз жетпес ғимараттары бұлттардан да биік көтерілген! Тарихқа үңілсек Дубай 1833 жылы негізі қаланып, халқының саны 800 адам еді.
Қажылығын еңбектеп өтеген (видео)
22 Февраля, 2016
Видеода қажылық парызын өтеп жүрген мүмкіндігі шектеулі жанның қай елдің тумасы екені немесе оның кім екені турасында ақпарат жоқ.
МЕККЕ ҚАЛАСЫНДА ЕРЕКШЕ МУЗЕЙ АШЫЛАДЫ (ФОТО)
15 Февраля, 2016
Қасиетті Мекке шаһарында Ислам дініне арналған ерекше музей ашылатын болады. Харам мешітінен жеті шақырым қашықтықта орналасатын бұл музейдің жалпы аумағы 5600 шаршы метрді құрайды. Музей Ислам дінінің тарихы мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі жайы баяндайтын болады.
ТУРИЗМ: Мың құбылған мешіттер көз жауын алады (фото, видео)
15 Февраля, 2016
Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа қаласында Sharjah Light дәстүрлі фестивалі болып өтті.
Жындар мешіті қайда орналасқан?
15 Февраля, 2016
Жындар мешіті қасиетті Мекке қаласында, дәлірегі, Жаннатүл-Муалла мазарынан «Харам» құлшылық үйіне апаратын жолдың оң жағында орналасқан...
Қағбаның айналасын қалқаламақ
9 Февраля, 2016
Сауд Арабиясының билігі Харам мешітіндегі қасиетті Қағбаның айналасын көлеңкелейтін қалқа құрылысын қолға алуда.
ҚАЖЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ
8 Февраля, 2016
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейрдің мәлімдемесіне сүйенсек, қасиетті қос шаһардың қақпасы ирандықтар үшін қайтадан айқара ашылған.
Басқа да жаңалықтар
17 Марта, 2016.  Сауабы қажылықпен тең 5 іс
14 Марта, 2016.  Қажылардың жоғалу себептері анықталды
14 Марта, 2016.  Қажылыққа барғысы келетіндерге денелерін шынықтыруға кеңес берді
9 Марта, 2016.  60 жылда Дубай қалай өзгерген
22 Февраля, 2016.  Қажылығын еңбектеп өтеген (видео)
15 Февраля, 2016.  МЕККЕ ҚАЛАСЫНДА ЕРЕКШЕ МУЗЕЙ АШЫЛАДЫ (ФОТО)
15 Февраля, 2016.  ТУРИЗМ: Мың құбылған мешіттер көз жауын алады (фото, видео)
15 Февраля, 2016.  Жындар мешіті қайда орналасқан?
9 Февраля, 2016.  Қағбаның айналасын қалқаламақ
8 Февраля, 2016.  ҚАЖЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМ АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ
Медиа
  Біздің қажыларымыздың пікірлері
  Видеоролик о наших услугах
  Сура "Аль-Хадж"
  ХАДЖ 2014 ГОДА (186 фото)
Қажыларға нұсқаулық
Көлік пен байланыс
Өзіңмен бірге не алу қажет?
АҚША МЕН САУДА-САТТЫҚ
Шет елге шығушыларға Қазақстанның Сыртқы Істер Министрлігінен жадынама
РУКОВОДСТВО ПАЛОМНИКАМ ОТ МИД САУДОВСКОЙ АРАВИИ

Start typing and press Enter to search